Қазақстандық парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында чемпион атанды.
81 келіге дейінгі салмақта, J2 класында өткен финалда ол Оңтүстік Корея спортшысы Ким Донхунды иппонмен ұтты. Осылайша Құлмырза ел қоржынына алтын медаль салды.
Осы салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық Галимжан Смағұлұлы Иран өкілі Реза Голамиді жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Әйелдер арасында 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Даяна Федосова да жүлделі болды. Ол қола медаль үшін белдесуде Сингапур спортшысы Хунг Джоан Хуэй Синді иппонмен тізе бүктірді.
Қазіргі сәтте Қазақстан құрамасының еншісінде 21 медаль бар, соның төртеуі — алтын.