Қазақстан балуандары Лас-Вегаста бір күнде екі алтын жеңіп алды
Лас-Вегаста өтіп жатқан U23 әлем чемпионатында қазақстандық балуандар екі алтын медаль иеленді. Финалда Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов қарсыластарын тізе бүктірді.
Лас-Вегаста (АҚШ) өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күнде екі алтын медаль жеңіп алды.
14 қазанда грек-рим күресінен Айбек Айтбеков 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында әзербайжандық Эльмир Әлиевтен басым түссе, Юсуф Ашрапов 72 келіде шешуші белдесуде армениялық Гаспар Тертерянды ұтты.
Осы табыстың арқасында Қазақстанның Мемлекеттік гимні бір күнде екі мәрте шырқалды.
23 жасқа дейінгі әлем чемпионаты 12-18 қазан аралығында өтеді. Қазақстан бұл турнирге 30 спортшы жіберген, құрама еркін, грек-рим және әйелдер күресінің барлық салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр.