Бокс

Мадияр Ашкеев Сабыржан Аққалықовтың Азия ойындарындағы сәтсіздігін түсіндірді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Ашкеев Сабыржан Аққалықовтың 2026 жылғы Азия ойындарындағы күтпеген жеңілісіне қатысты пікір айтты. Оның сөзінше, спортшының дәрі ішіп, антибиотик қабылдап рингке шығуы нәтижеге әсер еткен.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Ашкеев 2026 жылғы Азия ойындарының алғашқы кездесуінде Сабыржан Аққалықовтың неге сүрінгенін түсіндірді.

Ашкеевтің айтуынша, 80 келіге дейінгі салмақтағы Аққалықовты қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Ол спортшының әлеуеті жоғары екенін атап өткенмен, бұл жарыста сәт жолдас болмағанын айтты.

«Қазір Сабыржанды неге алып барды, неге Жақпеков сияқты басқа боксшылар таңдалмады деген әңгіме көп. Екеуі де Америкада болды, екеуінің де дайындығы жүз пайыз еді. Бірақ бәрібір Сабыржанды апару керек деп шешілді», — деді Ашкеев.

Оның сөзінше, жарыс барысында Аққалықовтың құлағындағы инфекцияға байланысты оны турнирден шеттетуі де мүмкін болған. Алайда командадағы массажшы, дәрігер және өзге мамандар қолдан келгеннің бәрін жасап, ем-дом жүргізген.

Соған қарамастан, жағдай рингте сезілген. Ашкеев боксшының антибиотик қабылдап, небәрі екі күннен кейін жекпе-жекке шыққанын айтып, мұндай күйді кез келген адамға оңай соқпайтынын жеткізді.

Сабыржан Аққалықов 2026 жылғы Азия ойындарында 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Соннан 2:3 есебімен жеңілді. Осылайша ол жарысты ерте аяқтап, Қазақстан құрамасы үшін алғашқы шығынға айналды.