Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек Дана Уайттың компаниясына өтті
Орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамес Дана Уайт негізін қалаған Zuffa Boxing компаниясымен келісімшартқа отырды. Енді қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен міндетті титулдық кездесу осы ұйым арқылы келісілмек.
Орта салмақтағы WBC әлем чемпионы Карлос Адамес (25-1, 18 KO) Дана Уайт негізін қалаған Zuffa Boxing промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойды.
Компанияның мәлімдеуінше, Карлос Адамес енді ұйымның тізіміне ресми түрде қосылды. Ол The Ring журналының орта салмақтағы рейтингінде де бірінші нөмірде тұр.
Бұл шешім доминикандық боксшының қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен міндетті титулдық жекпе-жегін ұйымдастыру жөніндегі келіссөздер жүріп жатқан кезде қабылданды.
Бұған дейін Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) Адаместің Нұрсұлтановпен жұдырықтасуын міндеттеген болатын. Екі тарап 20 қазанға дейін кездесудің шарттарын келісуі керек. Егер уағдаластыққа қол жеткізілмесе, жекпе-жек промоутерлік саудаға шығарылады.
Енді Нұрсұлтановтың командасына Zuffa Boxing өкілдерімен келіссөз жүргізуге тура келеді.