Саматали Тольтаев бұрынғы әлем чемпионымен чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады
Қазақстандық боксшы Саматали Тольтаевтың келесі жекпе-жегі ресми түрде жарияланды. Ол 31 қазанда Актөбеде панамалық Хесреэль Корралеспен IBF Pan-Pacific белбеуі үшін таласады.
Irfin Promotions компаниясы қазақстандық боксшы Саматали Тольтаевтың кәсіпқой рингтегі келесі кездесуін ресми түрде жариялады. Жеңіліссіз келе жатқан отандасымыз 31 қазанда Актөбеде өтетін бокс кешінде жұдырықтасады.
Тольтаевтың қарсыласы — Панаманың өкілі, бұрын WBA нұсқасы бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған Хесреэль Корралес. Бұл жекпе-жекте IBF Pan-Pacific чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.
Саматали Тольтаев кәсіпқой рингтегі соңғы кездесуін шілде айында өткізіп, филиппиндік Гэри Тамайоны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген еді. Оның қоржынында қазір 8 жеңіс, 4 нокаут бар.
Корралес болса соңғы рет ақпанда шаршы алаңға шығып, мексикалық Педро Пенунури Боргароны дәл сондай шешіммен ұтқан. Панамалық боксшының еншісінде 27 жеңіс пен 8 жеңіліс, 10 нокаут бар.