Primetime Boxing және Gold Star Promotions компаниялары бос тұрған WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жектің қаңтарда Данияда ұйымдастырылатынын растады. Рингте дат боксшысы Якоб Банк пен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кездеседі.
Алайда нақты күн мен жекпе-жек өтетін қала әзірге жарияланған жоқ.
Primetime Boxing өкілдері бұл келісімді өз тарихындағы ең маңызды күндердің бірі деп атап, кездесуді Данияда өткізу үшін Gold Star Promotions-пен бірге ұзақ әрі нәтижелі жұмыс жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ олар Top Rank компаниясымен өткен келіссөздердің сәтті болғанын жеткізді.
Ұйымдастырушылар Данияда соңғы жылдардағы ең ауқымды бокс кешін өткізуді жоспарлап отыр. Шараға Primetime Boxing-тің бірнеше жетекші боксшысы да қатыспақ. Компания үшін басты мақсаттардың бірі — Банкке өз елінде чемпиондық жекпе-жек беру болған.
«Біз әрдайым Якобтың әлем чемпионы атану мүмкіндігі ең жоғары жер — өз үйі деп санадық. Мыңдаған дат жанкүйерінің және бүкіл елдің қолдауымен біз жекпе-жек нәтижесіне әсер етуі мүмкін ерекше атмосфера жасай аламыз деп үміттенеміз», — деді промоутерлер.
Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк бос тұрған WBO белбеуіне негізгі үміткерлердің бірі ретінде танылып отыр. Бұған дейінгі иегері Хамза Шираз «Казахский стильмен» титулды қорғаудың орнына белбеуді бос қалдыруды жөн көрген еді.