Бек Нұрмағанбет «Канело» жекпе-жегінің андеркардында шаршы алаңға шығады
Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет 31 қазанда Эр-Риядта өтетін Riyadh Season кешінде жұдырықтасады. Оның қарсыласы мексикалық Маркос Рамон Васкес Родригес болады.
Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет (16-0, 14 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен француз Кристиан Мбилли арасындағы титулдық жекпе-жек өтетін кештің андеркардында өнер көрсетеді.
Бұл бокс кешінің толық бағдарламасын Сауд Арабиясы жалпы ойын-сауық басқармасының төрағасы Турки Әл аш-Шейх жариялады. Нұрмағанбеттің қарсыласы — мексикалық Маркос Рамон Васкес Родригес (21-3-1, 10 КО).
Турнир 31 қазанда Эр-Риядтағы The Venue аренасында өтеді. Бокс кеші «Мексика қарсы әлем» деген ұранмен ұйымдастырылып отыр.
Нұрмағанбет соңғы жекпе-жегін Алматыда ресейлік Артыш Лопсанға қарсы өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген еді.
Родригес болса соңғы рет 19 қыркүйекте рингке шығып, америкалық Лазар Франсиско Лоренсанға төрешілер шешімімен есе жіберді.