Бокс

Дмитрий Биволдың келесі жекпе-жегіндегі қарсыласы ресми бекітілді

Каллум Смит Дмитрий Биволға қарсы жекпе-жек өткізетін келісімшартқа қол қойды. Кездесу желтоқсанда Екатеринбургте өтуі мүмкін.

Британдық боксшы Каллум Смит жартылай ауыр салмақта WBA, WBO және IBF белбеулерінің иегері Дмитрий Биволмен жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа қол қойды.

RCC Boxing Promotions бас директоры Герман Титов бұл айқасқа қатысты ұзақ келіссөздер аяқталғанын айтып, барлық қажетті құжаттарға қол қойылғанын растады. Оның сөзінше, жекпе-жек желтоқсанда Екатеринбургте ұйымдастырылмақ.

«Бүгін біз Каллум Смит командасымен ұзақ келіссөздерді аяқтадық, Дмитрий Биволға қарсы жекпе-жекті ұйымдастыруға қажет барлық құжаттарға қол қойылды. Желтоқсанда бұл айқасты Екатеринбургте өткіземіз. Бұрын айтқанымыздай, жоспарланған күн — 12 желтоқсан. Енді WBO, WBA, IBF және The Ring тарапынан келісім күтуіміз керек, содан кейін ресми хабарландыру жасалады», — деді Титов.

Бұған дейін екі команда келісімге келгені хабарланған болатын. Енді жекпе-жектің өтуі үшін тиісті ұйымдардың мақұлдауы ғана қалды.

35 жастағы Дмитрий Бивол кәсіпқой рингте 25 жеңіске жетіп, бір рет жеңілген. Ал бұрын WBA тұжырымы бойынша екінші орта салмақта чемпион болған Каллум Смиттің еншісінде 31 жеңіс пен 2 жеңіліс бар.