Бокс

Карлос Адамес Жәнібек Әлімханұлын келемеждеп, нокаутпен жеңетінін айтты

WBC чемпионы Карлос Адамес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы туралы дөрекі мәлімдеме жасап, кез келген уақытта онымен жұдырықтасуға дайын екенін жеткізді. Доминикан боксшысы соңғы айқасында Остин Уильямсты ұпаймен жеңіп, чемпиондық белбеуін сақтап қалды.

Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын ашық түрде кемсітіп, оны нокаутқа түсіретінін мәлімдеді.

Доминикандық былғары қолғап шебері әлеуметтік желідегі жазбасында: «Егер Құдай маған бүкіл өмірімде тек бір жекпе-жек таңдауға мүмкіндік берсе, сөзсіз, ол осы алаяқ Жәнібекке қарсы айқас болар еді. Маған оның қайда және қашан өтетіні бәрібір. Сол жігітке нокаутқа түсіретінімді дәлелдеуім керек», — деп жазды.

Адамес бұған дейінгі соңғы кездесуінде америкалық Остин Уильямсты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, WBC чемпионы атағын сақтап қалған болатын.

Ал Дүниежүзілік бокс кеңесі Адаместі Қазақстанның тағы бір өкілі Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы белбеуін қорғауға міндеттеді. Тараптарға келісімге келу үшін 2026 жылғы 20 қазанға дейін уақыт берілген.

Егер сол мерзімге дейін мәміле жасалмаса, WBC промоутерлік сауда өткізеді.