Қазақстан Азиада-2026-нің 14-күні жеті медаль жеңіп алды
Аичи мен Нагояда өтіп жатқан Азиат ойындарының 14-күнінде Қазақстан құрамасы қоржынына үш күміс және төрт қола медаль қосты. Жалпы есепте ұлттық құрама сегізінші орында тұр.
Аичи мен Нагояда өтіп жатқан Азиада-2026-ның 14-күнінде Қазақстан спортшылары бір күнде жеті медаль жеңіп алды. 3 қазанда ұлттық құрама қоржынына үш күміс және төрт қола медаль түсті.
Күміс медаль дзюдодан аралас командалық сайыста бұйырды. Финалда Қазақстан құрамасы Жапониядан 0:4 есебімен ұтылды. Бұған дейін қазақстандықтар Қырғызстанды 4:2, ал Оңтүстік Кореяны 4:3 есебімен жеңген еді.
Тағы бір күмісті ерлер арасындағы су добынан Қазақстан құрамасы еншіледі. Шешуші кездесуде ватерполшылар алаң иелері — Жапония құрамасына 7:24 есебімен есе жіберді.
Джиу-джитсудан да екі медаль түсті. Мерей Қабдуллаев 85 келіге дейінгі салмақта финалда Сауд Арабиясының өкілі Абдулла Тарик Нададан 0:7 есебімен жеңіліп, күміс жүлдегер атанды. Ал Мариан Журавлева 63 келіге дейінгі салмақта иорданиялық Майя Исхакаттан 2:0 есебімен басым түсіп, қола медаль иеленді.
Еркін күресте Нұрқожа Қайпанов 74 келіге дейінгі салмақта Үндістан спортшысы Сагар Джагланды 5:0 есебімен жеңіп, қола медаль алды. Әйелдер күресінен Нилуфар Райымова 57 келіге дейінгі салмақта Шри-Ланка өкілі Нетми Ахинса Фернандоны мерзімінен бұрын 13:1 есебімен ұтты.
Көркем гимнастикадан Қазақстанның топтық құрамасы да үшінші орынға көтерілді. Жасмин Жұнусбаева, Аида Хакимжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Кристина Чепульская 51,550 ұпай жинап, Қытай мен Жапония командаларынан кейін мәреге жетті.
Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 84 медальмен сегізінші орында тұр. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола бар. Азиат ойындары 4 қазанда аяқталады.