Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) 2027 жылдан бастап барлық біріктірілген WTA 1000 турнирлерінде ерлер мен әйелдерге бірдей жүлде ақшасы берілетінін хабарлады. Бұл жарыстар Үлкен дулыға турнирлерінен кейінгі ең жоғары деңгей саналады.
Қазіргі таңда бұл талап Индиан-Уэллс, Майами, Мадрид және Бейжің турнирлерінде, сондай-ақ төрт Үлкен дулыға додасында орындалып келеді. Енді Италия ашық чемпионаты, Канада ашық чемпионаты және Цинциннати ашық чемпионаты да осы қатарға қосылады.
2023 жылы Италия ашық чемпионатының ұйымдастырушылары 2025 жылдан бастап жүлде ақшасын теңестіруге уәде берген еді, алайда ол жоспар орындалмады. Биыл Римдегі ерлер жарысындағы жалпы жүлде қоры £7,3 млн болса, әйелдер турнирінде £6,3 млн болды.
«Барлық біріктірілген WTA 1000 турнирлерінде жүлде ақшасын теңестіру — теннис үшін үлкен белес», — деді WTA төрайымы Валери Камилло.
Оның айтуынша, бұл шешім WTA-ның спорт саласында спортшыларға бәсекелік және қаржылық теңдік ұсынуға деген тұрақты ұстанымын көрсетеді.
Сонымен бірге, WTA маусым күнтізбесіне де өзгеріс енгізетінін мәлімдеді. Жаңа тәртіп бойынша әлемдік рейтингтің үздік 50-іне кіретін ойыншыларға міндетті WTA 500 турнирлерінің саны алтыдан төртке дейін қысқарады.
Тағы бір өзгеріс ретінде, теннисші өз есебіндегі бір WTA 1000 нәтижесін одан мықтырақ WTA 500 немесе 250 турниріндегі көрсеткішпен алмастыра алады. Америка Құрама Штаттарының әлемдік рейтингтегі үшінші ракеткасы Джессика Пегула бұл өзгерістер ойыншыларға маусымын өз мақсаттарына сай жоспарлауға көбірек мүмкіндік беретінін айтты.