Футбол

Александр Мрынский: «Мен үшін ең бастысы - командаға пайдамды тигізу»

Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Александр Мрынский УЕФА Ұлттар лигасы аясында Молдова құрамасына қарсы өтетін өз алаңындағы матч алдындағы баспасөз мәслихатына қатысты, деп хабарлайды SportRoom.kz сайты, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

БАҚ өкілдерімен кездесуде қорғаушы ертеңгі ойын жайлы барынша ағынан жарылып жауап берді.

- Маған жоғарырақ ойнаған ыңғайлы ма, әлде қорғауға жақынырақ па деп соңғы кезде жиі сұрап жүр. Негізі, қай позицияда ойнасам да, тіпті шабуылда ойнап тұрсам да, бәрібір бесінші қорғаушыға түсіп, қорғанысқа көбірек көмектесуге тырысамын. Допты тартып алған кезде қарсы шабуылға шығып, шабуылға да өз көмегімді тигізуге тырысамын. Мен үшін ең бастысы - командаға пайдамды тигізу. Ал нақты қай жерде ойнайтыным аса маңызды емес.

Команда ішіндегі жағдайға келетін болсақ, әрине, Фарер аралдарына ұшу оңай болған жоқ. Жалпы, сырт алаңдағы екі ойын да оңайға түскен жоқ. Бірақ соған тез бейімделіп, қазір осы екі ойынға дайындалып жатырмыз.

Енді өз алаңымызда ойнаймыз, сондықтан өткенді ойламаймыз. Қазір командада бәрі жақсы. Бар назарымыз алдағы екі ойынға бағытталған.