Үлкен теннис

Елена Рыбакина Пекиндегі ірі турнирде бірінші нөмірлі посев алды

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Пекиндегі WTA 1000 санатындағы турнирде бірінші нөмірлі посевке ие болды. Ол финалға дейінгі ықтимал қарсыластарын да білді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Пекиндегі WTA 1000 санатындағы турнирде бірінші нөмірлі посев алды. Осылайша, ол жарыстың алғашқы айналымын өткізбей, екінші кезеңнен бастап бақ сынайды.

Екінші айналымда Рыбакина украиналық Юлия Стародубцева мен армениялық Алина Чараева арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды. Үшінші айналымда оның әлеуетті қарсыластары қатарында Сонай Картал мен Қытай өкілі Ван Синьюй бар.

Төртінші раундта қазақстандық теннисшіге ресейлік Анна Калинская қарсы тұруы мүмкін. Ал жартылай финалда ол америкалық Коко Гауффпен кездесуі ықтимал.

Егер бәрі жоспар бойынша өрбісе, финалда Рыбакинаның мүмкін қарсыласы әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенко болмақ.

Өткен жылы Пекиндегі China Open турнирінде Рыбакина сегізінші нөмірлі посевпен шығып, жарысты 1/16 финал сатысында аяқтаған еді. Ол екінші айналымда америкалық Кэти Макнэллиді 7:5, 4:6, 6:3 есебімен ұтқанымен, келесі матчта Германия өкілі Ева Лиске 3:6, 6:1, 4:6 есебімен есе жіберді.

China Open жарысы Пекинде 30 қыркүйек пен 11 қазан аралығында, ашық хард төсенішінде өтеді.