Бокс

WBO Жәнібек Әлімханұлына қарсы жекпе-жекке Банкты таңдады

WBO вакантты әлем чемпионы титулы үшін Жәнібек Әлімханұлына қарсы шығатын үміткерді анықтады. Алдымен ұсыныс алған Диего Пачеко бас тартқан соң, кезек Якоб Банкке тиді.

Дүниежүзілік бокс ұйымының президенті Густаво Оливьери қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қарсы жекпе-жекке үміткерді таңдау барысын түсіндірді. Вакантты әлем чемпионы титулы үшін шайқаста енді қарсылас ретінде дат боксшысы Якоб Банк шығатын болды.

Бастапқыда WBO рейтингте екінші орында тұрған америкалық Диего Пачекоға ұсыныс жасаған. Алайда оның командасы бас тартып, бұл шешімдерін америкалық Дариус Фулгуммен бұрыннан келісілген жекпе-жекпен байланыстырған.

«Біз Пачекоға бұл мүмкіндікті ұсындық, бірақ ол өзіне жүктелген бұрынғы келісімшарттық міндеттемелерін орындауды жөн көрді. Оған Фулгуммен өтетін алдағы жекпе-жекте сәттілік тілейміз. Осылайша, қолжетімді бірінші үміткер Банк болды», — деді Оливьери.

Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк WBO тұжырымы бойынша суперсалмақтағы вакантты әлем чемпионы атағын сарапқа салады.