Қазақстан Азиада-2026-ның бесінші күнінде алты медаль иеленді
Аичи мен Нагояда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының бесінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы бір алтын, төрт күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Жалпы есепте ұлттық құрама 25 жүлдемен төртінші орында тұр.
Аичи мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының бесінші жарыс күні Қазақстан құрамасы алты медальға қол жеткізді. Күн қорытындысы бойынша спортшылар бір алтын, төрт күміс және бір қола жүлде еншіледі.
Ерлікке пара-пар нәтиже академиялық ескек есуден тіркелді. Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы рулі жоқ қосарлы қайық сынында 6 минут 25,13 секунд көрсетіп, Қытай мен Өзбекстан спортшыларынан озып, чемпион атанды.
Күміс медаль иегерлері қатарында ушу-саньдадан 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Абдурашид Абдуллаев, спорттық гимнастиканың еркін жаттығуларында өнер көрсеткен Милад Карими, шпажашылардың жеке жарысында Кирилл Проходов және байдаркадағы қос әйелдер экипажы — Ольга Шмелёва мен Татьяна Токарницкая бар. Олар 500 метрлік қашықтықта екінші орын алды.
Қола медальді Сергей Емельянов мен Тимофей Емельянов жеңіп алды. Олар каноэ-дегі қосарлы сайыста 500 метрді 1 минут 44,972 секундта жүзіп өтіп, үздік үштікке енді.
Боксшылар Торехан Сабырхан мен Алуа Балкибекова да жарысты жеңіспен бастады. Сабырхан катарлық Мохаммед Дбичиден 5:0 есебімен басым түссе, Балкибекова Үндістан өкілі Сакшиден 3:2 есебімен өтті. Екеуі де ширек финалға шықты.
Жеңіл атлетикада Дейзи Джепкемей 10 000 метрге жүгіруде 33 минут 03,21 секунд нәтижемен төртінші орын алды. Бұл — маусымдағы ең үздік көрсеткіші. Мария Ефремова үш қарғып секіруден 13,34 метр нәтижемен жетінші болды.
Бес жарыс күнінен кейін Қазақстанның еншісінде 25 медаль бар. Құрама жалпы есепте сегіз алтын, сегіз күміс және тоғыз қола жүлдемен төртінші орында келеді. Азия ойындары 4 қазанда аяқталады.