«Ол бұл жүлдеге лайық»: Дембеле мен Кварацхелия «Алтын доп» иегерін таңдады
ПСЖ шабуылшылары Усман Дембеле мен Хвича Кварацхелия BBC эфирінде «Алтын допқа» кім басты үміткер екенін айтып, бір-бірін қолдады.
BBC арнасының эфирінде ПСЖ шабуылшылары Усман Дембеле мен Хвича Кварацхелияның қатысуымен қызықты сұхбат өтті. Журналист футболшылардан әлемнің ең беделді жеке марапатына кім лайық екенін сұрады.
Дембеле бірден Хвичаны меңзеп, оның маусымдағы жарқын ойынын тілге тиек етті:
«Ол [Кварацхелия]. Шынымды айтсам, ол мұған лайық, себебі өте керемет маусым өткізді», — деді француз футболшысы.
Өз кезегінде Кварацхелия Дембелені Париждегі басты көшбасшы деп атап, оның алаңдағы еңбегін жоғары бағалады:
«Иә, әрине [соны айтамын]. Өйткені ол — тамаша ойыншы, оның команданы алға сүйреуі өте маңызды. Оның мінезі мен алаңда беретін энергиясы керемет. Ол өткен маусымды жоғары деңгейде өткізді және осы жүлдеге әбден лайық», — деп жауап берді Хвича.
Париждік клуб шабуылшыларының бұл сөздері спорттық басылымдар мен жанкүйерлер арасында үлкен резонанс тудырды.