Луценко: «Мен өз максимумымды орындадым»
Алексей Луценко Аичи мен Нагоядағы Азиада-2026 ойындарында өткен топтық жарыстағы жеңісінен кейін пікір білдірді. Қазақстанның алты дүркін Азия чемпионы спорттағы мансабын жақын арада аяқтауды жоспарлап отырғанын да айтты.
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Аичи мен Нагоядағы (Жапония) Азиада-2026 ойындарында топтық жарыста жеңіске жеткеннен кейін ой бөлісті. Ол ел құрамасының жарысты ұтымды жүргізгенін атап өтіп, командаластарының еңбегін жоғары бағалады.
Бұл сында Луценко бірінші келсе, Евгений Федоров мәреге екінші болып жетіп, Қазақстан қоржынына алтын мен күміс медаль салды. Луценконың айтуынша, жарыстың шешуші тұсында Женя Федоров пен Николя Винокуров өз міндетін толық орындаған.
«Жігіттер дистанцияның соңында жарысты бақылауда ұстап тұрды. Женя Федоров пен Николя Винокуров өз жұмыстарын 100 пайыз орындады. Шамамен 40 шақырым қалғанда біз төрт шабандоз ғана қалдық, олардың арасында жапон спортшысы да болды. Ол — басты қарсыластың бірі еді», — деді Луценко.
Спортшының сөзінше, бұл бәйгеде рельеф пен ауа райының да әсері зор болған. Ол мұндай жарыста кез келген сәтте техникалық ақау немесе күтпеген жағдай орын алуы мүмкін екенін айтты. Соған қарамастан, Қазақстан құрамасы жоспарланғаннан да жақсы нәтиже көрсетті.
«Біз максимумды көрсеттік. Тіпті жоспарлағаннан да артық істедік. Мен өз ісімді орындадым, алтын медаль әкелдім. Бұл — ең маңыздысы», — деді ол.
Луценко сонымен бірге мансабын аяқтау туралы шешімі бұрыннан бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі велоспорт барған сайын жас спортшылардың алаңына айналып келеді, ал ол өз жолын толықтай орындап шыққанын сезінеді.
Еске салайық, бұл жеңіс Луценко үшін Азиада-2026-дағы екінші алтын медаль болды. Бұған дейін ол жеке жарыста да топ жарған. Осылайша, оның жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдарының саны алтыға жетіп, бұл Қазақстан спортшылары арасындағы рекорд саналады.