Жәнібек Әлімханұлының әлем чемпионы атағына таласатын қарсыласы анықталды
WBO Жәнібек Әлімханұлының суперорта салмақтағы бос әлем чемпионы белбеуі үшін өтетін жекпе-жегін ресми түрде жариялады. Оның қарсыласы дат боксшысы Якоб Банк болады.
Қазақстандық боксшы, орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) WBO тұжырымы бойынша суперорта салмақтағы бос әлем чемпионы атағы үшін кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды.
Ұйым бұл жекпе-жекке ресми түрде Якоб Банкты тағайындады. Енді тараптарға келіссөз жүргізу үшін 15 күн беріледі, ал уағдаластыққа қол жетпесе, промоутерлік сауда ұйымдастырылады.
Жәнібек үшін бұл кездесу елеулі мүмкіндік саналады: ол екі салмақта чемпион атануға жақындай түспек. Ал Алимханұлының командасы қарсылас ретінде Банктың таңдалуымен тиімді жағдайға ие болды.
Якоб Банк — жеңіліп көрмеген дат боксшысы, оның көрсеткіші — 20 жеңіс, 11 нокаут. 25 жастағы спортшы 2020 жылы кәсіпқой мансабын бастаған, ал 20 жекпе-жегінің 19-ын Данияда өткізген.
Банктың әуесқой рингтегі жолы да жаман емес: 180 жекпе-жекте 175 рет жеңіп, 5 мәрте ұтылған. Дегенмен, оның атақ-абыройы ұлттық чемпионат деңгейінен аса қоймаған.
Дат боксшысы 2025 жылдың қыркүйегінде Тайрон Цойгті бесінші раундта нокаутқа жіберсе, төрт айдан кейін кубалық Уильям Скуллді 12-раундта жеңіп, мансабындағы ең ірі табысқа жеткен. Соған қарамастан, стилі мен қорғанысындағы олқылықтар Жәнібекке ыңғайлы жұдырықтасуға мүмкіндік беруі мүмкін.