Күрес

Абдулрашид Абдуллаев Азиада-2026 жартылай финалына нокаутпен өтті

Қазақстандық ушу-саньда шебері Абдулрашид Абдуллаев Аичи мен Нагояда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында ширек финалда мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ол непалдық Махаржан Саджеевті нокаутқа жіберіп, жартылай финалға жолдама алды.

Қазақстан құрамасының ушу-саньда өкілі Абдулрашид Абдуллаев Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында жартылай финалға шықты.

75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен спортшы ширек финалда непалдық Махаржан Саджеевке қарсы шықты. Жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ: Абдуллаев қарсыласын нокаутқа жіберіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Абдулрашид жарысты 1/8 финалдан бастаған еді. Алғашқы кездесуінде ол Лаос елінің өкілі Анонг Теунчалеунді 2:0 есебімен ұтты.

Бұған дейін бұл турнирде Қазақстанның алғашқы жартылай финалисі Алижан Аблагатов болған. Ол 70 келіге дейінгі салмақта вьетнамдық Чыонг Ван Чуонгпен кездесуі тиіс еді, бірақ қарсыласы жекпе-жекке шықпады. Соның нәтижесінде Аблагатовқа техникалық жеңіс берілді.