Қазақстан Азия ойындарының үшінші күнінде екі алтын, екі қола алды
Аичи мен Нагояда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының үшінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар екі алтын және екі қола медаль жеңіп алды. Осы нәтижеден кейін ел құрамасының қоржынында 12 медаль бар.
Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының үшінші күні Қазақстан құрамасы екі алтын және екі қола медаль иеленді.
Екі алтынды аралас жекпе-жек шеберлері әкелді. Еркінғали Бұрқұталин 77 келіге дейінгі салмақта, дәстүрлі стильде финалда Бахрейн өкілі Мұхаммед Нәбиевті 3:0 есебімен жеңсе, Қадырбек Шынбаев 71 келіге дейінгі салмақта қазіргі стильде тәжікстандық Бехруз Хуршедзаданы дәл сондай есеппен ұтты.
Қола жүлделер каратэшілерге бұйырды. Бэлла Самашева 55 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде өзбекстандық Севинч Рахимованы төрешілер шешімімен жеңді. Нұрқанат Ажиканов 75 келіге дейінгі салмақта филиппиндік Алвин Батиканды 10:1 есебімен тізе бүктірді.
Жағажай волейболында Сергей Богату мен Кирилл Гурин Оңтүстік Кореяның Пэ Ин Хо мен Ё Мин Суменнен құралған жұпты 2:0 (21:10, 21:10) есебімен жеңіп, E тобындағы екінші ойынында да басым түсті. Енді олар 1/8 финалға шығу үшін таласады.
Қазақстанның әйелдер волейбол құрамасы Вьетнамнан 0:3 (21:25, 19:25, 15:25) есебімен жеңіліп, жарысты сегізінші орынмен аяқтады. Ал оқ атудан аралас жұптар сынында Александра Ле мен Ислам Сәтпаев іріктеуде 629,1 ұпай жинап, алтыншы орын алды.
Сондай-ақ жүзушілер Александр Румынский, Айбат Мырзамұратов, Максим Сказобцов және Глеб Коваленя 4×100 метрлік кешенді эстафетаның финалында 3:36.46 нәтижесімен төртінші болды. Семсерлесуден Ирина Бакалдина мен Владислава Андреева жекелей жарыста ширек финалға дейін жетті.
Осы нәтижелерден кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 12 медаль бар: алты алтын, бір күміс және бес қола. Жалпыкомандалық медаль кестесінде Қазақстан үшінші жарыс күнінен кейін төртінші орында келеді. Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.