Күрес

Еркінғали Бұрқұталин Азия ойындарындағы тарихи алтынын бағалады

Қазақстандық ММА шебері Еркінғали Бұрқұталин Аичи мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында чемпион атанды. Ол финалдан кейін жеңісінің мәні мен жекпе-жекке дайындық туралы айтты.

Қазақстандық ММА шебері Еркінғали Бұрқұталин Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

Финалдан кейін спортшы жеңісіне қуанышын жасырмай, бұл жетістікке жету үшін көп еңбек сіңіргенін айтты.

«Маған жанкүйер болған барлық жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Еңбегімнің зая кетпегеніне өте қуаныштымын. Шынымды айтсам, өзім де Азия ойындарының жеңімпазы боламын деп ойламаппын. Бала күнімде бокс үйірмесіне барған барлық ұл сияқты мен де Олимпиада чемпионы болуды армандадым. Олимпиада жеңімпазы бола алмасам да, Азия ойындарын ұтқаныма қатты қуаныштымын.

Әрине, жекпе-жекке дейін арнайы тактика әзірледік. Бахрейндік спортшының алдыңғы кездесулерін қарап шықтық. Мен қорғанысты жақсылап күшейтіп, қарсыласымның жекпе-жекті күреске сүйреуіне мүмкіндік бермеуге тырыстым.

Бұл — күрес емес, аралас жекпе-жек. Сондықтан өзімнің мықты тұстарымды барынша пайдалануға ұмтылдым. Қазақ халқының бойында боксқа қабілет бар деп айтып жүрмін. Соның шындығын дәлелдей алдым деп ойлаймын», — деді Бұрқұталин.

Еске салайық, 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Еркінғали Бұрқұталин бахрейндік Мұхаммад Набиевті жеңді. Аралас жекпе-жек Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілді, сондықтан Бұрқұталиннің алтыны Қазақстан үшін осы спорт түріндегі тұңғыш тарихи медаль болды.