«Қайрат» аңызы Құралбек Ордабаев ҚР Олимпиадалық қозғалысының жоғары марапатына ие болды
Алматының «Қайрат» ФК бұқаралық футболды дамыту бөлімінің басшысы Құралбек Досжанұлы Ордабаев «Қазақстан Республикасы Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» І дәрежелі Құрмет белгісімен марапатталды.
Мәртебелі марапат даңқты ардагерге бұқаралық футболды дәріптеуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және еліміздегі дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін табысталды.
Құралбек Ордабаев балалар, жастар және жалпы халықты тұрақты түрде футболмен айналысуға тартатын бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Оның еңбегі балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ әуесқой футболды дамытуды және футбол инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруды қамтиды. Даңқты қақпашының көпжылдық қызметі халық арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, Қазақстандағы бұқаралық спортты нығайтуға ықпал етуде.
Еске салайық, Құралбек Ордабаев – Шымкент футбол мектебінің түлегі. Ойын мәнсабын жергілікті «Мелиораторда» бастап, 1971 жылы алматының «Қайратына» шақырту алды. Онда ол ұзақ жылдар бойы команданың негізгі қақпашысы болды. Мәнсабын аяқтағаннан кейін «Қайрат» командасының бастығы қызметін атқарып, Қазақстан футбол федерациясында басшылық лауазымдарда, соның ішінде федерация президенті қызметінде де болды.
Қазақстан футбол федерациясы Құралбек Досжанұлын лайықты марапатымен құттықтап, отандық футбол игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.