Жаңалықтар

2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан қоржыны тағы екі медальмен толықты

Азия ойындарының екінші күнінде қазақстандық спортшылар екі жүлде жеңіп алды. Сәидар Әділов қола, ал Асель Қанай күміс медаль иеленді.

2026 жылғы Азия ойындарының екінші күнінде Қазақстан құрамасы қоржынына тағы екі медаль салды. Сәидар Әділов дәстүрлі стильдегі ММА жарысында 65 келі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Ол Азия ойындарында осы спорт түрінен медаль алған тұңғыш қазақстандық атанды. Ал әйелдер арасындағы 61 келі салмақта Асель Қанай финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде Қытай өкілі Гун Лиге 2:8 есебімен жол берді. Соның нәтижесінде ол ұлттық құрамаға алғашқы күміс медальді сыйлады.

Волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Мальдив аралдарын 3:1 есебімен жеңіп, C тобында екінші орын алды. Команда сапында Зауреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Көшкімбаева, Альбина Жақсылықова және Анжелина Романовская ойнады.

Кейін волейболшылар Қытай Тайбэйіне 2:3 есебімен есе жіберіп, 5-8 орындар үшін өткен кездесуде жеңілді. Енді олар 7-8 орын үшін сынға түседі.

Ерлер арасындағы 10 метрлік пневматикалық винтовкадан командалық жарыста Қазақстан 1871,4 ұпай жинап, жалпы есепте жетінші орын алды. Жеке сында Ислам Сәтбаев 24-орын, Никита Шахторин 26-орын, ал Константин Малиновский 29-орын иеленіп, финалға шыға алмады.

Екі күннің қорытындысы бойынша 29 елдің спортшылары медальға қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте Қытай 23 алтын, 10 күміс және 5 қола медальмен көш бастап тұр. Жапония 8 алтын, 12 күміс және 12 қола жүлдемен екінші орында, Оңтүстік Корея 5 алтын, 3 күміс және 15 қола медальмен үшінші сатыда келеді. Қазақстан 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен төртінші орында тұр.