Жаңалықтар

Агнес Нгетич әйелдер арасындағы жартылай марафон рекордын жаңартты

Кениялық Агнес Нгетич Копенгагенде өткен Жол жүгіру бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, тек әйелдер қатысқан жартылай марафондағы әлем рекордын орнатты.

Кениялық Агнес Нгетич Копенгагенде өткен Жол жүгіру бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетіп, тек әйелдер қатысқан жартылай марафондағы әлем рекордын жаңартты.

25 жастағы спортшы мәрені 1 сағат 5 минут 15 секундта кесіп өтті. Ол бұған дейінгі көрсеткішті 1 секундқа жақсартты. Алдыңғы рекордты оның жерлесі Перес Джепчирчир 2020 жылы әлем чемпионатында жеңіске жеткенде орнатқан еді.

Жартылай марафондағы әйелдер арасындағы абсолютті әлем рекорды Эфиопия өкілі Летесенбет Гидейге тиесілі — 1:02:52.

«Бапкерім маған сенді және мұны істей алатынымды, алтын медаль жеңе алатынымды айтты. Сондықтан мен өте қуаныштымын және әлемдік жартылай марафон рекордын да енді иеленіп отырғаныма қатты ризамын», — деді Нгетич.

Ол 2025 жылдың сәуірінде 10 шақырымға жүгіруден де әлем рекордын жаңартқан. Сол жарыста ол 29:27 нәтижесін көрсетіп, тек әйелдер қатысқан жарыста бұл қашықтықты 30 минуттан аз уақытта жүгірген алғашқы спортшы болды.

Нгетич 2024 жылы Валенсиядағы аралас жарыста 28:46 нәтижесімен 10 шақырымда да әлем рекордын бұзып, бұл қашықтықты 29 минуттан аз уақытта бағындырған алғашқы әйел атанған еді. Ол 2027 жылғы Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында трек жарыстарына қайта оралып, өзінің басты арманы — трек үстінде алтын медаль жеңіп алуды көздеп отырғанын айтты.

Күннің тағы бір ірі нәтижесінде Швеция спортшысы Андреас Альмгрен ерлер арасындағы жартылай марафонда жеңіске жетіп, өзіне тиесілі Еуропа рекордын 35 секундқа жақсартты. Ол Копенгагенде мәреге 58:06 уақытта жетті.