WBO Алимханұлы мен Шираз жекпе-жегіне қатысты жаңа шешім жариялады
WBO Жәнібек Алимханұлы мен Хамза Шираз арасындағы міндетті титулдық айқасқа байланысты промоутерлік сауданың уақыты мен орнын жариялады. Келісімге белгіленген мерзімде қол жеткізілмеген соң, мәселе ресми сауда арқылы шешілмек.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз бен қазақстандық үміткер Жәнібек Алимханұлы арасындағы міндетті жекпе-жекке қатысты промоутерлік сауда өтетінін мәлімдеді.
Ұйымның хабарлауынша, сауда 16 қыркүйекте атлантикалық стандартты уақытпен 14:00-де (AST) Сан-Хуандағы (Пуэрто-Рико) бас кеңседе өтеді. Қазақстан уақытымен бұл — 16 қыркүйек 23:00.
WBO өзінің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында да осы рәсімді жариялап, екі боксшының суреті салынған афишаны таратты.
«Шираз — Алимханұлы: келесі қадам осы жерден басталады. WBO саудасын 16 қыркүйек, сәрсенбі күні, Сан-Хуандағы (Пуэрто-Рико) тікелей эфирде көріңіз», — делінген ұйым хабарламасында.
Бұған дейін тараптарға келісімге келу үшін 10 қыркүйекке дейін уақыт берілген еді. Алайда ортақ шешімге қол жеткізілмеген соң, енді титулдық айқастың тағдыры ресми саудада анықталмақ.