«Астананың» велошабандозы Малучелли «Тайху көлі турының» екінші кезеңінде жеңіске жетті
Маттео Малучелли Қытайдағы көпкүндік жарыстың екінші кезеңінде топ жарды. Оның командадағы серіктесі Глеб Сырица мәреге үшінші болып жетті.
Маттео Малучелли Қытайда өтіп жатқан «Тайху көлі туры» көпкүндік жарысының екінші кезеңінде жеңіске жетті.
Кезең жаппай спринтпен аяқталды. XDS AstanaTeam командасы тамаша жұмыс істеп, Малучеллиді мәреге бірінші болып жеткізді. Командаласы Глеб Сырица да жақсы нәтиже көрсетіп, үшінші орын алды.
Жарыстан кейін Малучелли команданың жоспары толық орындалғанын айтты. Оның сөзінше, Lotto Intermarche кезеңді бақылағанымен, қазақстандық команда да шетте қалмаған: Диас Рысбай мен Руслан Елюбаев алдыңғы шепте жұмыс істеп, Хаоюй Су мен Густав Ванг соңғы 15 шақырымда қарқынды үдеткен.
«Бүгін бәрі жоспарлағанымыздай өтті. Біз Lotto Intermarche-ға кезеңді бақылауға мүмкіндік бердік, бірақ өзіміз де тыс қалған жоқпыз, Диас (Рысбай) пен Руслан (Елюбаев) алдыңғы жақта жақсы жұмыс істеп, көшбасшы командаға көмектесті. Содан кейін Хаоюй Су мен Густав Ванг соңғы 15 шақырымды тамаша өткізді, ал Лев (Гонов) пен Глеб (Сырица) мінсіз лид-аут жасап, мені спринтке қолайлы орынға шығарды. Нәтижесінде бәрі сәтті аяқталды — біз жеңіске жеттік әрі үшінші орын алдық, үстіне мен аралық бонификацияны да иеленіп, жалпы есепте көш бастадым. Алда тағы үш кезең бар, біз күн сайын күресіп, жарысты жеңіспен аяқтауға тырысамыз», — деді Маттео Малучелли.
Екі кезеңнен кейін Малучелли «Тайху көлі турының» жалпы есебінде көш бастады.