Гордон Райан Краковтағы айқас туралы: «Қазақ жігіттеріне рахмет»
АҚШ-тың аты аңызға айналған грэпплері Гордон Райан Краковта өткен ADCC әлем чемпионатындағы жанжалға қатысты өз нұсқасын айтты. Ол қақтығыс кезінде не болғанын егжей-тегжейлі баяндап, қазақ жігіттеріне де пікір білдірді.
Пятикратты әлем чемпионы, америкалық грэпплер Гордон Райан Краковта өткен ADCC әлем чемпионатында қазақ спортшыларымен болған жаппай төбелеске қатысты өз көзқарасын айтты.
Райанның айтуынша, бәрі Дориан Оливарез бен қазақстандық спортшылар арасындағы тартыстан басталған. Ол сол сәтте өзін не болып жатқанын толық түсінбегенін, алайда жанжалдың ушығып кететінін бірден сезгенін жеткізді.
«Мен ол жақта тек Доминикті жаттықтырып отырдым. Джон, Майк және Дориан ғана бар еді. Ал қарсы жақта шамамен 15 қазақ жігіті болды. Матч аяқталған соң төбелес болатынын түсіндім», — деді Райан.
Оның сөзінше, жағдай ушыға бастағанда ол араға кіріп, бірінші болып қарсыластардың бірін тоқтатуға тырысқан. Артынша өзі де бірнеше адамның соққысына тап болғанын айтты. «Екі адам аяғымнан ұстап, біреуі итерді, мен жерге құладым. Сосын бес-алты адам басымнан ұра бастады», — деді америкалық спортшы.
Райан төбелес араға түсіп тоқтатылғаннан кейін қайтадан өз орнына барып, жаттықтыруды жалғастырғанын да айтты. «Қазақ жігіттеріне осы айқас үшін рахмет, қызық болды. Мен әр түн сайын төбелесемін», — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, Краковтағы турнирде 66 келіге дейінгі салмақта Бекзат Капашов Дориан Оливарезден жеңілгеннен кейін корт сыртында жаппай қақтығыс шыққан. Оқиғаға қазақстандық қолдау тобы мен америкалық команда араласқан. Нәтижесінде ұйымдастырушылар екі балуанды да турнирлерден бір жылға шеттетіп, жарысқа қатысу құқығынан айырды.