Үлкен теннис

Таунсенд пен Синякова Нью-Йоркте мансаптық Үлкен дулығаны түйіндеді

Катерина Синякова мен Тейлор Таунсенд АҚШ ашық чемпионатында жұптық сында жеңіске жетіп, мансабындағы Үлкен дулыға атақтарының толық жиынтығын аяқтады. Олар Нью-Йорктегі шешуші ойында америкалық қос жұпты үш сетке созылған матчта тізе бүктірді.

Катерина Синякова мен Тейлор Таунсенд АҚШ ашық чемпионатында әйелдер арасындағы жұптық сынның чемпионы атанып, жұп ретінде мансаптық Үлкен дулығаны толықтырды.

Бірінші нөмірлі жұп Нью-Йорктегі финалда америкалық wildcard алған Эшлин Крюгер мен Робин Монтгомериді 5-7, 6-0, 6-2 есебімен жеңді.

Осы табыстың арқасында олар енді Үлкен дулығаның төрт атауын да иеленді. Бұған дейін дуэт 2024 жылы Уимблдонда, 2025 жылы Аустралия ашық чемпионатында және биылғы Франция ашық чемпионатында топ жарған еді.

Бұл Синякова үшін жұптық сындағы 12-ші Үлкен дулыға атағы болды. Сонымен қатар, ол мансаптық Үлкен дулығаны екі түрлі серіктеспен аяқтаған алғашқы теннисші атанды.

30 жастағы чех спортшысы бұған дейін бұл межеге отандасы Барбора Крейчиковамен бірге жеткен.

Ал 30 жастағы америкалық Таунсенд үшін бұл — АҚШ ашық чемпионатындағы алғашқы жұптық титул. Өткен жылы ол дәл осы жарыстың финалында Синяковамен бірге ойнап, Габриэла Дабровски мен Эрин Рутлиффтен жеңілген еді.

Таунсенд финалда екі қара нәсілді әйелдің өнер көрсетуі өзіне ерекше мақтаныш сезімін сыйлағанын айтты. «Бұл — теннис, шабыт пен өкілдік үшін керемет кезең. Мұның бәрі енді ғана басталып жатыр», — деді ол.