Үлкен теннис

Елена Рыбакина US Open финалында қалай ойнамақ екенін айтты

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open-2026 финалында Арина Соболенкомен өтетін матчқа көзқарасын бөлісті. Ол қарсылас деңгейіне емес, өз ойынына сүйеніп, соңына дейін күресуге ниетті екенін айтты.

Қазақстандық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open-2026 финалында Беларусь өкілі Арина Соболенкомен өтетін шешуші кездесуге қатысты ойын ортаға салды.

Рыбакина алдағы матчқа бұрынғыдай дайындалатынын айтып, қарсыласының рейтингіне мән бермейтінін жеткізді. Оның сөзінше, бастысы — өз мүмкіндігін толық пайдаланып, ойыннан ләззат алу.

«Маған матчқа бұған дейінгідей дәл солай шығатындай көрінеді. Кімге қарсы ойнасаң да, оның рейтингі туралы ойламайсың, ал ол — керемет ойыншы. Бүгін өте жақсы ойнады деп ойлаймын. Мен матчтың бәрін толық көрген жоқпын, бірақ кей сәттерде ол кортта шынымен де өте жақсы көрінді. Сондықтан, иә, мен жай ғана ойыннан ләззат алуға, өзімнің қолымнан келгеннің бәрін жасауға және ең бастысы, соңына дейін күресуге тырысамын», — деді ол.

Рыбакина жартылай финалда америкалық Кори Гауффты үш сетте жеңді — 3:6, 6:4, 6:4. Ал Соболенко Джессика Пегуланы 7:5, 6:2 есебімен ұтты.

Қандай нәтиже тіркелсе де, турнир аяқталған соң Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін бекітеді. Ал Соболенко Нью-Йорктегі титулын қорғап, тарихи три-питке ұмтылады.

Финал Артур Эш атындағы стадионда сенбі күні өтеді.