Футбол

Самородовтың «Спартакқа» ауысуы Қазақстан футболындағы ең қымбат трансфер болмақ

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородовтың «Ахматтан» Мәскеудің «Спартакына» ауысуы ел футболы тарихындағы ең қымбат трансферге айналмақ. Келісімшарт бүгін Ресейдегі жазғы трансфер терезесі жабылар алдында рәсімделуі мүмкін.

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородовтың «Ахматтан» «Спартакқа» ауысуы отандық футбол тарихындағы ең қымбат трансфер болайын деп тұр.

«Чемпионат» таратқан ақпаратқа қарағанда, 24 жастағы футболшы бүгін Ресейдегі жазғы трансфер терезесі жабылғанға дейін Мәскеу клубымен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қоюы тиіс.

Келісім сомасы 650 миллион рубльге бағалануда. Бұл 7,7 миллион АҚШ долларынан асады. Осылайша, Самородовтың ауысуы Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер ретінде тіркелмек.

Бұған дейінгі рекорд Дастан Сатпаевқа тиесілі болған. «Қайрат» тәрбиеленушісінің Лондонның «Челсиіне» ауысуы бонусымен бірге шамамен 4,7 миллион доллар немесе 4,3 миллион еуроға бағаланған.

Самородов — Ақтөбе футбол мектебінің түлегі. Ол «Ахматқа» 2024 жылдың жазында ауысқан. Осы маусымда ол барлық турнирде 8 матч өткізіп, 1 гол соқты.

Transfermarkt мәліметі бойынша, қазақстандық шабуылшының нарықтық құны 3 миллион еуро.